2024 жылғы 27 мамырда ССЗИ Басқарма Төрағасы Болат Нұрғалиев және Төрағаның орынбасары Амангелді Тәженов Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық бөлімінің Зерттеу бөлімінің бас директоры, Қытай БРИКС талдау орталықтарының ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің Бас хатшысы Цзинь Син бастаған делегацияны қабылдады.
Қазақстандық және қытайлық сарапшылар арасында Орталық Азия мен таяу шет елдердегі ахуалды, БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясындағы Қазақстан мен ҚХР өзара іс-қимылын қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасу болды. Екіжақты ынтымақтастық және «Бір белдеу – бір жол» Қытай стратегиялық бастамасын іске асыру үдерісіндегі Қазақстанның рөлі мәселелері талқыланды. Тараптар халықаралық және өңірлік ахуалды дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын бағалаудағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірлік қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етудегі рөлін арттырудағы сәйкестіктерді атап өтті.
ССЗИ мен қытайлық зерттеу орталықтардың арасында жұмыс байланыстарын одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.