2026 жылғы 20 сәуірде ССЗИ сарапшысы Нұржан Өмірбек онлайн форматта «Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдері арасындағы өзгермелі өңірлік тәртіп жағдайындағы ынтымақтастықты нығайту» тақырыбында өткен Парсы шығанағы және Орталық Азия мемлекеттерінің аналитикалық орталықтарының II Форумының жұмысына қатысты. Іс-шара Парсы шығанағын зерттеу орталығы (GRC) мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңірлік зерттеулер институтының (ISRS) серіктестігімен ұйымдастырылды. Форум жұмысына екі өңірдің аналитикалық орталықтары, сарапшылық қауымдастық және бейінді институттар өкілдері қатысты.
Пікірталастар барысында Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі мен Орталық Азия арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, оның ішінде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ аналитикалық орталықтар арасындағы әрекеттесуді нығайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар энергетикалық және теңіз қауіпсіздігі мәселелеріне, оның ішінде Ормуз бұғазының жаһандық энергетикалық нарықтар үшін маңызына, сондай-ақ өңірлік тұрақсыздықтың жеткізу тізбектерінің орнықтылығына әсеріне ерекше назар аударылды.


