2026 жылғы 29 қазанда Сыртқы саяси зерттеулер институтында Орталық «Азиядағы интеграциялық процестердің саяси-экономикалық аспектілері туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Модератор ССЗИ Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Тәженов болды.
Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстанның ғылыми-сараптамалық қоғамдастығының өкілдері, оның ішінде ҚР СІМ Орталық Азия департаментінің кеңесшісі Алмаз Нұрзақов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев, Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының атқарушы директоры Қайрат Батырбаев, Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы Қазбек Майгелдинов, Өңірлік интеграцияны зерттеу институтының президенті Таисия Мармонтова, Қазақстан Республикасының Халықаралық Аралды құтқару қорының атқару комитетіндегі өкілі Мұхтар Жәкенов және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанар Медеубаева қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Орталық Азиядағы интеграциялық процестердің динамикасын айқындайтын өзекті үрдістер мен негізгі саяси-экономикалық факторлар талқыланды. Қатысушылар экономика, көлік, су ресурстары, сыртқы саяси және гуманитарлық өзара іс-қимыл салаларындағы өңірлік ынтымақтастықтың мәселелері мен перспективаларына қатысты сараптамалық бағалармен алмасты.






