2024 жылғы 18 маусымда Cыртқы саяси зерттеулер институтының (ССЗИ) қызметкерлері - Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Тәженов, Талдау және болжамдау тобының жетекшісі Әмір Башбаев және аға сарапшысы Қайрат Нұртазин Орталық Азия халықаралық институтының (ОАХИ) және Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының (СӨЗИ) өкілдері құрамында ОАХИ бөлімінің бастығы Турдикул Бутаяров бастаған өзбек делегациясымен кездесті.
Қазіргі геосаяси жағдайда Орталық Азияның өзекті мүдделерін, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты және өңірлік форматтағы ынтымақтастығының перспективаларын қозғайтын кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Тараптар өңірдегі саяси диалог пен мемлекетаралық жақындасу процестері ерекше оң, ашық және сындарлы сипатқа ие екенін атап өтті.
Тараптар ССЗИ мен ОАХИ екіжақты ынтымақтастығын дамыту және кеңейту, оның ішінде өзара ақпарат алмасуға, бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға уағдаласты.