2021 жылғы 25 мамырда Варшава институты мен Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің бірлесіп ұйымдастырған «Табысқа жетудің тарихы. Қазақстан мемлекеттілігінің 30 жылдығы және Қазақстан мен Польшаның болашақ қарым-қатынастарының сын-қатерлері» атты онлайн семинар өтті. Семинарға ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының Басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев және «Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер» бөлімінің бастығы Мәдина Жарбосынова қатысты. Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың дамуына әсер ететін факторларға қатысты қазақстандық және поляк өкілдері арасында пікір алмасу болды.
Өз сөзінде Б.Нұрғалиев халықаралық жағдайдың өзгеруіне бейімделуге баса назар аудара отырып, ҚР сыртқы саяси қызметінің 30 жылдық тәжірибесіне талдау, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін қамтамасыз ететін факторларға қатысты түсіндірмелерді ұсынды.
М. Жарбосынова өз баяндамасын ЕО-тың Орталық Азияға қатысты стратегиясын және кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жолы арқылы басым салалардағы қазақстан-поляк өзара іс-қимылының перспективаларына арнады.
Вебинардың поляк тарапынан қатысушылары, оның ішінде 1995-2005 жылдары Польша Президенті Александр Квасьневский, Шығыс зерттеулері аналитикалық орталығының Түркия, Кавказ және Орталық Азия мәселелері жөніндегі топтың меңгерушісі Кшиштоф Страхота, Варшава университетінің Шығыс зерттеулері кафедрасының меңгерушісі Анджей Вежбицкий және басқа да талдаушылар еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыруының оң тәжірибесіне назар аударды.