2024 жылғы 24 тамызда ССЗИ Басқарма Төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиев швейцариялық журналист, «Die Weltwoche» қоғамдық-саяси апталығының редакторы Марсель Одерматтпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстанның сыртқы саясаты мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.
Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына және оның халықаралық жүйенің трансформациялану жағдайындағы рөліне ерекше назар аударылды. М.Қабазиев көпвекторлық Қазақстанның сыртқы саяси және сыртқы экономикалық әріптестігін диверсификациялауға негізделген және елдің ұлттық мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясы болып табылатынын атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен және әлемдік экономика мен саясаттың басқа да орталықтарымен қатынастарын дамыту перспективалары қарастырылды.
Сұхбаттасушылар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуды, көлік-логистикалық жобаларды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын іске асыруды, сондай-ақ Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы көлік және экономикалық байланыстарды одан әрі ұштастыру перспективаларын талқылады.
Әңгімелесу барысында қазақстандық-еуропалық және қазақстандық-швейцариялық ынтымақтастық мәселелері де қозғалды. Атап айтқанда, инвестиция, маңызы сыни шикізат материалдары, технологиялар, энергетика, логистика, білім беру және кадрлар даярлау салаларындағы өзара іс-қимыл әлеуеті атап өтілді.
Халықаралық қатынастардың қалыптасып келе жатқан көпполярлы жүйесіндегі Қазақстан мен Орталық Азияның рөліне, сондай-ақ аймақтың халықаралық саясат пен әлемдік экономикадағы маңызының артып келе жатқанына айтарлықтай назар аударылды.
.jpeg)
.jpeg)