+7 7172 57 11 12

Телефон

+7 7172 39 52 81

Кеңсе

МАНАРБЕК ҚАБАЗИЕВ ТӨЛЕУТАЙ СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

2026 жылғы 1 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының дамуы: тарихи тәжірибе және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, Құрылтай депутаты, дипломатиялық қызмет ардагерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, сарапшылық және академиялық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттары қатысты.
Пленарлық отырыста Сыртқы саясатты зерттеулер институты Басқарма төрағасының орынбасары, Дипломатия институтының профессоры Манарбек Қабазиев «Қалыптасу дипломатиясынан ықпал ету дипломатиясына дейін: Төлеутай Сүлейменовтің мұрасы және Қазақстанның сыртқы саясаты» тақырыбында баяндама жасады.
Өз сөзінде ол дипломаттардың алғашқы буынының Қазақстанның халықаралық деңгейде мойындалуын қамтамасыз етудегі және ұлттық дипломатиялық қызметті қалыптастырудағы үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Төлеутай Сүлейменовтің сыртқы саяси ведомствоны дамытудағы және дипломаттардың жаңа буынын даярлаудағы рөлін ерекше атап өтті.
М. Қабазиев Қазақстан дипломатиялық мектебінің сабақтастығы ұлттық мүдделерді қорғау және көпвекторлы сыртқы саясатты жүзеге асыру үшін маңызды екенін атап өтті. Қалыптасу дипломатиясынан ықпал ету дипломатиясына дейінгі жол Қазақстанның сыртқы саяси мүмкіндіктерінің кеңеюімен сипатталады: тәуелсіздікті нығайту және халықаралық субъектілікті бекітуден бастап, бастамаларды ілгерілетуге, өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге дейін.