+7 7172 57 11 12

Телефон

+7 7172 39 52 81

Кеңсе

МАНАРБЕК ҚАБАЗИЕВ ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

2026 жылғы 9 қазанда Сыртқы саяси зерттеулер институты Басқарма Төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиев «Қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайындағы ұлттық және өңірлік қауіпсіздік» атты IV халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысты. Іс-шараны «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ ұйымдастырды.
Пленарлық отырыс аясында М.Қабазиев «Қазақстан және Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада геосаяси ортаның трансформациясы, қазіргі трансшекаралық қауіп-қатерлер және өңірлік ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің дәстүрлі тәсілдерінен ерте ескерту, стратегиялық болжау және тәуекелдерді бірлесіп басқару қағидаттарына негізделген өңірлік тұрақтылықтың кешенді моделіне көшуге ерекше назар аударылды.
Өз сөзінде сарапшы Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздік саласындағы дербес күн тәртібін қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Ол Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулерінің маңызын және Біріккен ұлттар ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы тетіктерін өзара толықтыра отырып пайдалану қажеттігін атап көрсетті. Оның пікірінше, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты, дипломатиялық диалог пен делдалдық саласындағы тәжірибесі, сондай-ақ стратегиялық географиялық орналасуы елге өңірлік қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыруға атсалысатын негізгі мемлекеттердің бірі болуға мүмкіндік береді.
Практикалық бастамалар қатарында М.Қабазиев өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты сараптамалық-талдамалық платформа құру, өңірлік тәуекелдерге жыл сайынғы шолу әзірлеу, ведомствоаралық ақпарат алмасуды кеңейту және Ауғанстан мәселелері бойынша сараптамалық ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар сараптамалық және академиялық дипломатияны дамытуға, сондай-ақ қазіргі заманғы қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөліктері ретінде көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымның қорғалуын қамтамасыз етуге ерекше мән берілді.
ССЗИ өкілінің конференцияға қатысуы өңірлік тұрақтылықтың өзекті мәселелерін сараптамалық тұрғыдан талқылауға және Қазақстанның сыртқы саяси, әскери-стратегиялық әрі ғылыми-талдамалық қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етті.