2026 жылғы 17 қазанда Ханчжоу қаласында (ҚХР) ССЗИ Басқарма Төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиев Чжэцзян Қаржы және экономика университетінің қатысуымен ұйымдастырылған «Орталық Азиямен танысу: цифрландыру жағдайындағы Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығының инновациялық жолдары мен дамуы» атты Халықаралық симпозиумға қатысты. Іс-шара дипломатиялық корпустың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және қытай мен Орталық Азия мемлекеттерінің сараптамалық қоғамдастығының өкілдерін біріктірді.
Пленарлық сессия аясында М. Қабазиев «Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығының цифрлық трансформациясы: орнықты даму мен өңірлік өзара байланыстың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада «Қытай – Орталық Азия» тетігін дамыту, еуразиялық көлік дәліздерін цифрландыру, жасанды интеллект енгізу және ғылыми-технологиялық әріптестікті кеңейту перспективалары қарастырылды. Еуразиялық өзара байланыстың ашық және өзара тиімді моделін қалыптастырудағы Қазақстанның рөліне ерекше назар аударылды.
Бұдан әрі ынтымақтастықтың тәжірибелік бағыттары ретінде ССЗИ өкілі «Қытай – Орталық Азия: цифрлық даму» тұрақты сараптамалық диалогын құруды, жасанды интеллект саласында бірлескен зерттеу желісін қалыптастыруды және «Қытай – Орталық Азия – Еуропа» цифрлық көлік дәлізін дамытуды ұсынды.
Симпозиумға қатысу өңірлік ынтымақтастыққа қазақстандық көзқарастарды ілгерілетуге және Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерінің ғылыми-талдау орталықтарымен сараптамалық байланыстарды нығайтуға ықпал етті.


